Reuters: Қазақстан Қашаған операторының басшысына қылмыстық жауапкершілік туралы ескерту жасады
Қазақстан Қашаған кен орнын игеріп жатқан оператордың басшысына экологиялық айыппұлды төлемегені үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылуы мүмкін екенін ескертті. Бұл туралы Reuters агенттігі екі дереккөзге сілтеме жасап хабарлады.
Агенттіктің мәліметінше, Қазақстанның Әділет министрлігі North Caspian Operating Company (NCOC) компаниясының басқарушы директоры Джанкарло Руиуға 2,3 трлн теңге (шамамен 4,92 млрд доллар) көлеміндегі экологиялық айыппұлды төлеу туралы шешімді орындамағаны үшін әкімшілік және қылмыстық жауапкершілікке тартылуы мүмкін екені жөнінде ескерту жолдаған. Бұл айыппұл 2023 жылы күкіртті сақтау бойынша белгіленген нормаларды бұзғаны үшін салынған.
NCOC және оның мердігерлері айыппұлды да, оған негіз болған айыптауларды да мойындамайды. Қазіргі уақытта дау халықаралық арбитражда қаралып жатыр. Қашаған жобасын жүзеге асырып жатқан консорциум құрамына Shell, Eni, TotalEnergies және Exxon Mobil компаниялары кіреді. Консорциум өкілдерінің айтуынша, арбитраж аяқталғанға дейін айыппұлды өндіріп алу мүмкін емес.
Өткен аптада Қазақстанның Әділет министрлігі NCOC компаниясына айыппұлды дүйсенбіге дейін ерікті түрде төлеуге мүмкіндік берілгенін мәлімдеді. Егер төлем жасалмаса, компания мен оның мердігерлеріне қатысты мәжбүрлеп өндіріп алу шаралары қолданылып, өндірілетін соманың 10%-ы көлемінде атқарушылық алым есептелуі мүмкін.